Мектептен кейінгі жанжал: 8-сынып оқушысы пышақ жарақатынан көз жұмды
Жетісу облысында мектеп оқушылары арасындағы жанжал салдарынан 8-сынып оқушысы ауыр пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ретінде оның сыныптасы ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Қайғылы оқиға сәрсенбі күні орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылар бесінші сабақтан кейін мектептен шығып, үйлеріне бет алған. Алайда жолай сыныптастар арасында жанжал туындап, салдарынан жасөспірімдердің бірі ауыр дене жарақатын алып, кейін көз жұмды. Жетісу облыстық Полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Марқұмның анасы Самал Мұхамадиева әлеуметтік желіде үндеу жариялап, қайғылы жағдайдың мән-жайын айтты. Оның айтуынша, бұл төбелеске тоғызыншы сынып оқушысы себеп болған. Сабақтан кейін үйіне келген Мүслімге телефон шалып, сыртқа шығуды талап еткен. Салдарынан бала қайтадан сыртқа шығып, жасөспірімдердің төбелесі кезінде пышақ жарақатын алған.
Анасы тек пышақ салған бала ғана емес, жанжалды тұтатқандардың, баланы кездесуге шақырғандардың және қасында болғандардың бәрінің әрекеті тексерілуін қалайды. Оның пікірінше, қалған қатысушылардың да бұл әрекеттен хабардар болғаны жан-жақты анықталуы тиіс.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, заңды өкілдерінің қатысуымен полицияға жеткізілді. Сонымен қатар, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, - делінген Жетісу облысы Полиция департаментінің хабарламасында.