Ақмола облысында 600 млн теңгелік жобаға кедергі келтірген әкім жауапкершілікке тартылды
Ақмола облысының Біржан сал ауданында прокуратураның араласуынан кейін инвестициялық жобаға қатысты жер конкурсының нәтижесі жойылды. Заң бұзушылыққа жол берген Үлгі ауылдық округінің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Прокуратураның мәліметінше, «Zere Agro Holding» ЖШС Біржан сал ауданында бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлаған. Құны 600 миллион теңге болатын жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Алайда жер учаскесін алу кезінде инвестор кедергіге тап болған. Прокурорлық сүйемелдеу барысында жер конкурсына қатысушылардың біріне Үлгі ауылдық округінің әкімі тұрғылықты жері туралы мемлекеттік тіркеу деректеріне сәйкес келмейтін анықтама бергені анықталды.
Осы құжаттың негізінде жер комиссиясы қатысушыға негізсіз қосымша балл есептеген. Бұл конкурс нәтижесіне әсер етіп, инвестордың құқығының бұзылуына әкелген.
Аудан прокуратурасының шараларынан кейін Үлгі ауылдық округінің әкімі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сот конкурс қорытындысын жойды.
Қазіргі уақытта «Zere Agro Holding» ЖШС-ға инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскесін беру мәселесі аудан прокуратурасының бақылауында.
Прокуратураның хабарлауынша, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.