Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлері: ҚМА тексеру нәтижесін жариялады

коллаж 24KZ

Әлеуметтік желіде сотталушы Перизат Қайраттың жақын туыстарының атында Дубайда бірнеше зәулім пәтер тиесілі екені туралы ақпарат тараған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігі аталған ақпаратқа қатысты жан-жақты тексеру жүргізіп, бұл ақпараттың негізсіз екенін ресми мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу барысында күдіктінің барлық қаржылық операциялары жіті зерделеніп, жымқырылған қаражаттың қайда жұмсалғаны анықталды. Мәселен, Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған халықтың ақшасын қымбат көліктер мен пәтерлер алуға, оларды жөндеп, сәнді жиһаздауға, элиталық бренд киімдері мен әшекей бұйымдарына шашқан. Сондай-ақ бұл қаржыға бизнес-класпен ұшып, сәнді қонақүйлерде демалып, қымбат мейрамханалар мен ойын-сауық орындарының қызметін пайдаланғаны белгілі болды.

Бірақ, агенттік тексеру нәтижесінде күдіктінің туыстары тарапынан қандай да бір заңсыз қаржылық операциялар жүргізілмегенін анықтады.

Жарияланымдарда айтылған шетелдегі жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қоры құрылғанға және қылмыстық әрекеттер жасалғанға дейін-ақ сатып алынған. Аталған азаматтар 20 жылдан астам уақыт бері жылжымайтын мүлік нарығында кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Олар күдіктіден бөлек тұрып, жеке бизнес жүргізетіні де дәлелденді, - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми мәлімдемесінде. 

Құқық қорғау органдары Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сілтеме жасай отырып, мүліктің қылмыстық жолмен тапқанын растайтын нақты айғақтар болған жағдайда ғана оны бұғаттауға немесе тәркілеуге болатынын еске салды. Тек туыстық қатынастың болуы ғана ешкімді автоматты түрде қылмыстық жауапқа тартуға немесе мүлкін тартып алуға заңды негіз бола алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз: