Ақтөбеде мейрамханада уланған әйелге 200 мың теңгеден астам өтемақы төленді

фото: ЖИ

Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында тамақтан уланып қалған әйел емделуге кеткен шығыны мен моральдық зияны үшін өтемақы өндіріп алды. Сот мейрамхана иесінен 222 725 теңге өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды 24KZ «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Жазда Қандыағаштағы мейрамханада өткен той мен садақаға барған 188 адам тамақтан уланып қалған. Олардың 177-сі ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсті.

Зардап шеккен әйелдердің бірі сотқа жүгініп, емделуге жұмсаған қаражатын қайтаруды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап етті. Ол тойға барғаннан кейін уланып, ауруханаға жатуға мәжбүр болған.

Мұғалжар аудандық сотының мәліметінше, мейрамхана иесі талап арызды ішінара ғана мойындаған. Ол дәрі-дәрмек пен емделу шығындарын өтеуге келіскенімен, моральдық зиян үшін өтемақы төлеу талабын қабылдамаған.

Алайда сот жауапкерден материалдық шығын ретінде 22 725 теңге және моральдық зиянның өтемі ретінде 200 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, жаппай улану дерегінен кейін полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы — санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Кейін полиция департаменті мейрамхана басшылығы мен жеке кәсіпкердің кінәсін мойындағанын хабарлады. Алайда қылмыстық іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.

Сондай-ақ оқыңыз: