Тәттілер мен сәлемдеме: Таиландтан есірткі жеткізген екі адам сотталды
Астанада Таиландтан есірткі әкеліп, заңсыз айналымына қатысқан Қазақстанның екі азаматына сот үкімі шықты. Бірі 16 жылға, екіншісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24KZ Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Бірінші іс бойынша 20 жастағы қыз ақшалай сыйақы үшін Таиландтан екі шабадан жеткізген. Олардың ішінен жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты табылды. Ол есірткіні тәттілер ретінде көрсетіп, елге алып өтпек болған. Алайда заңсыз жүк қыз елорда әуежайына келген бойда анықталып, тәркіленді. Сот оны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға пошта арқылы есірткі жіберуді ұйымдастырған. Ол тыйым салынған заттарды халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, жөнелткен. Бұл сәлемдемені алуға тиіс үш адам бұған дейін бас бостандығынан айырылған болатын.
Есірткіні жіберуді ұйымдастырған ер адам іздеуде болған. Ұсталғаннан кейін сотқа тартылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімдері әлі заңды күшіне енген жоқ.