Қостанай облысында 352 тонна бидайды заңсыз сатқан кәсіпкер 6 жылға сотталды

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Қостанай облысында шаруа қожалығына тиесілі 352 тоннадан астам бидайды заңсыз сатып, тасымалдаушыларға қарызын өтемеген компания директоры 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».

 Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында «Эклипс Агро» ЖШС басшысы құны 28,5 млн теңге болатын 352,56 тонна бидайды иемденген. Кейін астықтың құжаттарын өз компаниясының атына рәсімдеп, меншік иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға сатқан.

 Сондай-ақ кәсіпорын үш тасымалдаушыға көрсетілген қызмет үшін жалпы сомасы 11,1 млн теңге берешек болған.

 Сот барысында қорғау тарапы тараптар арасында бірлескен шаруашылық қызмет жүргізілгенін мәлімдеді. Алайда мұны растайтын келісімшарт пен астыққа билік ету құқығын беретін құжаттар ұсынылмаған.

 Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жітіқара аудандық соты компания директорын кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған 6 жыл бойы белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: