Ақтөбеде 18 жастағы спортшыны атып кетті

Ақтөбеде 18 жастағы спортшыны атып кетті
Қазақпарат

Ақтөбе қаласында киокушинкай каратэден Азия Кубогінің иегері Дәулет Хайролланы атып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов шағын ақпарат таратты.

«4 ақпан күні бір топ жас таныс қыздың туған күнін атап өту үшін қаланың ескі бөлігінде үйді жалдаған. Шара барысында жастар арасында қақтығыс болып, оның салдарынан атыс қаруын қолдану арқылы кісі өлтіру дерегі тіркелді. Жедел іздестіру шарасы барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол кісі өлтіргенін толық мойындап, қылмыс құралын жасырған жерді көрсетті. Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, көз жұмған Дәулет Хайролла Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол мектеп бітірген соң спорт саласын таңдап, жоғары оқу орнына түсті. Кішкентай кезінен спортты серік еткен бозбала облыстық құрама сапында болды. «Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия Кубогінің иегері, Қазақстан Кубогінің иегері, қоңыр белбеу иегері. 18 жастағы жігіт бірер күннен соң Қазақстан Кубогіне баруы тиіс еді. «Ел намысын қорғар үздік спортшымыздан айырылып қалғанымызды бүгін таңда естідім», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров. Дәулет Хайролланы 2013 жылдан бері Әлішер Құлынтай жаттықтырды. Қайғылы оқиғаны естігенде есеңгіреп қалғанын айтты жаттықтырушы. «Дәулет команданың үздігі болды. Көп үміт артып едік. Өзге замандастарына үлгі болған спортшыдан қапыда айырылып қалдық. Бауырмал, ашық мінезді жігіттің ортамызда жоқ екенін естігенде қатты қайғырдым», - деді ол.