Қарағандыда компьютерлік клуб заңсыз жұмыс істеп келген

Қарағандыдағы компьютерлік клубтардың бірі карантиндік шектеулерге қарамастан заңсыз жұмыс істеп келген.

Кезекті рейд барысында мобильді топ ойынның қызығына берілген 15-ке жуық жасөспірімнің үстінен түсті. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Ал өңірдегі бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, мұндай көңіл көтеру орнының жұмысына тыйым салынған. Оның үстіне клубта жастар қорқор тартқан. Енді кәсіп иесі бұл әрекеті үшін жауап береді. Жалпы жыл басынан бері облыстағы 214 мониторингтік топ 12 мыңнан астам нысанға тексеріс жүргізіп, 573-сіне айыппұл салынған.

Айнаш Төлешова, Қазыбек би ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы:

- Бізге шұғыл ақпарат түсті. Соның негізінде тексеріс жүргізіп, клубтың заңсыз жұмысын әшкереледік. Енді әкімшілік хаттама толтырылады. Клубтардың жұмысына тыйым салынған.