Қостанайда өртеніп жатқан үйден бес бала құтқарылды

Қостанайда өртеніп жатқан үйден бес бала құтқарылды

Қостанай қаласында тұрғын үй өртеніп, бірнеше адам құтқарылды, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Оқиға 5 ақпан күні қала орталығындағы Рабочая көшесінде болған. ТЖД кезекші бөліміне төрт қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны хабарланды.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген сәтте бірінші қабаттағы пәтер жанып жатқан. Өрт шыққан пәтердің 56 жастағы иесі мен оның ересек ұлы көршілеріне дабыл қағып үлгірген. Тез тараған жалын көрші пәтерлерге таралмауы үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің бірінші тобы дереу отты сөндіруге кірісті. Оттегі маскаларын киген екінші топ құтқарушылары жоғарғы қабаттарға көтеріліп, зорайтқыш құрылғы арқылы тұрғындарға эвакуация туралы хабарлады. Түтін жан-жаққа тарала бастағандықтан баспалдақпен 14 адам сыртқа шығарылды. Өрт шыққан үйден 5 бала және мүгедек әйел құтқарылып, қауіпсіз аймаққа көшірілді» делінген ведомство хабарламасында.

ТЖД мәліметінше, өрт тоңазытқыштағы электр сымының қысқа тұйықталуынан шыққан.