Өскеменде жиһазға тапсырыс бергендер сан соғып қалды

Өскеменде жиһазға тапсырыс бергендер сан соғып қалды

Өскеменде 28 адам «жиһаз аламыз» деп, сан соғып қалды. Олар былтыр жергілікті кәсіпкердің біріне тапсырыс беріп, дүние-мүлік құнының біраз бөлігін төлеп қойған. Бірақ тауарларын әлі күнге ала алмай жүр. Зардап шеккендер полиция бөліміне арызданған.

Істі қараған тергеушілер бұл жерде ешқандай алаяқтық әрекет жоқ деп отыр. Енді амалы таусылған жұрт прокуратураға шағымданады. 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысында түрлі тауар мен қызмет түрлерін ұсынған алаяқтардан 215 адам зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі шамамен 150 миллион теңгеден асады.

Елена Гайнутдинова, қала тұрғыны:

- Жергілікті кәсіпкердің біріне тапсырыс бердім. Бір қыз бала үйіме келіп, жиһаздың өлшемін алды және тауар құнының тең жартысын алдын ала төлеуімді сұрады. Мен ақшасын бердім. Бірақ осы күнге дейін не алған жиһазымыз жоқ, не ақшамыз жоқ. 28 адам сан соғып қалдық. Ал құқық қорғау органдары болса, бұл ешқандай алаяқтық әрекет емес дейді.

Денис Ерімбесов, қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- 2020 жылы дәл осындай оқиғаға қатысты 5 бірдей қылмыстық іс қаралды. Ол кезде 215 адам зардап шеккен болатын. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желі арқылы қысқа мерзімде жиһаз жасаймыз деп жарнама береді. Кейін құрығына түскендерді алдап кетеді.