БҚО-да қолайсыз ауа райы салдарынан 22 ауыл жарықсыз қалды

Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райы салдарынан 22 елді мекен жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар Қазталов, Бәйтерек, Шыңғырлау секілді 8 ауданға қарасты ауылдар. Энергетика саласының мамандары аталған ауылдарға тездетіп жарық беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақта соңғы екі тәулік бойы қатты аяз бен үскірік жел тұрып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Қазір облыс аумағындағы автожолдар ашық. Дегенмен, төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жолға шықпауды ескертіп отыр. Қарлы бұрқасыннан әзірге Орал – Тасқала – Ресей шекарасына дейінгі жол жабық. Аталған жол бойында 12 ауыр жүк көлігі тұр. Бұл көліктердің жүргізушілері бағалы жүк алып келе жатқанын алға тартып, эвакуациялаудан бас тартқан.

Бақытжан Ихсанов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Себептері қысқа тұйықталуға байланысты жарық өшіріліп тұр. Қазіргі таңда оқиға орындарында жұмыс жүргізілуде. Бәйтерек ауданына бригадаларға көмек көрсету бойынша БҚО ТЖД шынжыр табанды жоғары өтімді техника берілді. Қай ауданда себебі анықталатын болса, сол жерде істелетін жұмыстар жасап, жарықты қосып жатыр.