Атырау облысында өзен тасып, елді мекендердегі көпірлерді шайып кетті

Атырау облысында өзен тасып, елді мекендердегі көпірлерді шайып кетті

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында Ноғайты өзені тасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағысы қатты су Сағыз елді мекені маңындағы жолдар мен көпірді және өткелдерді шайып кетті. Бастауын Ақтөбе облысынан алатын Ноғайты өзеніне су кешеден бастап құйыла бастады. Салдарынан елді мекен маңындағы бір көпір мен ауыл ішіндегі екі өткелді су шайып кетті. Сондай-ақ кенеттен көтерілген тасқын Ақтөбе – Атырау күре жолының үстіне жайылып, көлік қозғалысын қиындатты. Қазір жағдай қалыпқа түсіп келеді. Бүлінген көпірді «Ақтөбе – Атырау» жол құрылысына жауапты мекеме жөндеуге кірісті. Оған онға жуық техника жұмылдырылған. Абырой болғанда, өр суынан зардап шеккендер жоқ.

Нұрәлі Әбишан, Сағыз ауылдық округінің әкімі:

- Қардың қалыңдығынан жиналып, жаңбыр болды. Жаңбыр қарды ерітіп, өзеннің бойымен сайдың суын толтырып тұр ғой. Ноғайты өзенінің үстімен өтетін көпір болып еді бұрын. Соны бұзып тастады. Енді қайтадан жаңа көпір салу керек. Былтыр уақытша көпір салып қойып еді. Сол уақытша көпірді су шайып кетті. Қазір ол көпірді қалпына келтірдік. Судың деңгейі қазір едәуір түсті.