Ақтөбеде карантин кезінде ауызашар жасағандар анықталды

Ақтөбеде карантин кезінде ауызашар жасағандар анықталды

Ақтөбеде қоғамдық орындарда топ болып жиналып, ауызашар жасауға тыйым салынғанына қарамастан шектеу шараларын бұзғандар анықталды.

Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада облыстағы кәсіпкер әйелдер бас қосқаны әшкере болды. Олардың арасында Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы директоры Сұлупан Шынтасова да бар.

«Қызыл аймақтағы» өңірде соңғы тәуліктің өзінде 226 тұрғын қауіпті дерт жұқтырған. Соған қарамастан қауіпсіздікке әлі де көз жұма қарайтындар көп. Соңғы төрт ай ішінде 264 әкімшілік іс қозғалып, 36 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, жалпыға ортақ талапты елемеген шенеуніктер де жазадан сытылмауы тиіс.   

Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы:

- Кешегі коллективтік ауызашар инстаграм әлеуметтік желіде шыққанын көрдім. Бүгінгі күні Ақтөбе қалалық акиматының жанындағы мониторингтік топқа хабарлама жіберілді. Хабарлама түскеннен кейін барлық ішіндегі қатысқан адамдардың және болған жердегі мейрамханаға әкімшілік шара қолданылады.