Қостанайда мас жүргізуші қағып кеткен әйел қайтыс болды

Қостанайда мас жүргізуші қағып кеткен әйел қайтыс болды

Қостанайда 44 жастағы әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға орталық көшелердің бірінде болған. 19 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншінің жолында волосипедпен өтіп бара жатқан әйелді соғып, бірнеше шақырымға сүйреп әкеткен. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Әйел адам көз жұмды. Полицейлер күдіктіні ұстады. Оның мас күйде көлік жүргізгені  анықталды.

НӘРЕСТЕЛІ ӘЙЕЛДІ КӨЛІК ҚАҒЫП КЕТТІ

Сондай-ақ, тағы бір мас жүргізуші тротуарда келе жатқан нәрестелі әйелді қағып кетті. 32 жастағы көлік тізгіндеуші рөлді басқара алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Салдарынан тротуарда арбамен келе жатқан нәрестелі әйелді соғады. 43 жастағы ана мен сегіз айлық сәби қалалық ауруханаға жеткізілді. Қазір тергеу жүргізілуде.

ЕСІРТКІ САТҚАНДАР ҰСТАЛДЫ

Таразда есірткі саудасымен айналысқан 31 жастағы тұрғын ұсталды. Оның үйін тінту кезінде 4 грамм героин табылған. Полицейлерге ұнтақты табуға «Тэя» есімді ит көмектескен. Қазір күдікті кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

БАЛЫҚТЫ ЗАҢСЫЗ АУЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Қарағанды облысында браконьерлерден жарты тонна балық тәркіленді. 36 жастағы ер адам Шашубай селосының маңында моторлы қайықпен балық аулаған. Судан ұзындығы 100 метр болатын 14 тор алынды. Тағы бір заңсыз балық аулаушы Іле өзенінің бойынан ұсталды. 33 жастағы ер адам балықты қаруымен атып отырған. Одан 10 келі балық тәркіленді.

АЛМАТЫДА ЖОЛ АПАТЫНАН 2 БАЛА ЗАРДАП ШЕКТІ

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы түн жарымда болған. «Мазда 626» автокөлігінің жүргізушісі Майлин көшесімен шығыс бағытта келе жатып, Бұқтырма көшесінің қиылысында рөлге ие бола алмай жолдан шығып кеткен. Салдарынан көлік бордюрге соғылып, аударылып қалған. Жүкті әйел мен екі бала зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.

НҰР-СҰЛТАНДА МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАН ӘЙЕЛ АДАМ ҰСТАЛДЫ

Қала маңында жылдамдықты асырып, жол шетіне шыққан көлікті байқаған тұрғындар полицияға хабар берген. Көлікті қуып жеткен құқық қорғаушылар жүргізуші әйелді тексеріске жіберген. Нәтижесінде оның орта дәрежеде мас болғаны белгілі болды. Сондай-ақ, ол осыған дейін мас күйінде көлік басқарып, машина айдау құқығынан 7 жылға айырылған болып шықты. Қазір автокөлік айыптұраққа жабылып, қылмыстық іс қозғалды.

ОРАЛДА САУДА ҮЙІНЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Оралдағы сауда үйінің бірінде адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Ғимаратта электрмен жабдықтау жүйесі тұтанған. Сатушылар мен тұтынушылар құтқару жасағы келгенше қашып үлгерген. Өрт дер кезінде сөндірілді.