Қызылорда облысында жыл басынан бері 22 адам суға кетті

Қызылорда облысында жыл басынан бері 22 адам суға кетті

Оның 14-і бала, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас-кәріні талғамайтын тілсіз жаудан қалай қорғану керек? Суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде қандай тәсіл қолданған дұрыс? Осы ретте кәсіби құтқарушылар өз білгендерін еріктілерге үйретуде. Шеберлік сабағында волонтерлер алғашқы медициналық көмек көрсету амалдарын да меңгеріп шығады. Төтенше жағдайда шұғыл әрекетке көшу тәуекелдері жөнінде арнайы мамандар кеңесіне қаныққан жастар практикалық жаттығулар да жасап көрді. Төтеншеліктер балалар көп жағдайда қараусыз өздігінен зерттелмеген өзен-көлдерге барып шомылатынын айтады. Оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Сондай-ақ облыс көлемінде санаулы ғана құтқару станциясы бар. Ал аудандардың көбісінде талапқа сай жағажай салу жағы қарастырылмаған.

Саид Молдақараев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда осындай шеберлік сабағы Қызылорда қаласында орналасқан барлық жағажайларда ұйымдастырылатын болады. Одан бөлек, облыстағы волонтерлермен сабақтар өткізіліп, осындай жағдайға тап болған кезде адамды құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары өткізілетін болады.