Карантин талаптарын елемей той өткізгендерге айыппұл салынды

Түркістан облысында карантин талаптарына немқұрайлы қараушылар көбейген.

Мәселен Жетісай қаласында орналасқан тойхана иелері халықты жинап, ауқымды той өткізуді тоқтатпай келеді. Айыппұл мөлшерін аз сынатын кәсіп иелері айына 15-20 отбасылық іс-шараны ұйымдастырып келген. Өткен тәулікте 100-ге жуық жанды жинап, «Бесік той» мен «Құдалықты» өткізгендерге тағы да айыппұл салынды.

БРАКОНЬЕРЛЕР ІСІ СОТҚА ЖЕТТІ

Атырауда алғашқы жарты жылдықтың өзінде 1,5 мыңға тарта заңсыз балық аулау фактісі анықталды. Браконьерлерден 80 тоннаға жуық балық пен 130 қайық, 4 мыңнан астам түрлі құрал тәркіленді. Заңсыз істі кәсіп еткендер Каспий теңізіне таяу орналасқан Құрманғазы, Жылыой, Исатай аудандарында өршіп тұр. Балық қорғау шарасына облыстағы барлық күштік құрылымдар мен шекарашылар жұмылдырылса да оңай олжаға құныққандардың саны көбеймесе азаймай отыр.

Рүстем Қорқытов, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік инспекциясының Бас маманы:

– Құрманғазы аудандық сотында 290 келі бекіре балығымен Каспий теңізінен ұсталған екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Сондай-ақ, Жылыой ауданында өткізілген рейдтік шара кезінде 7 қапқа салынған қытайлық ау құралы, 3 моторлы қайық, 2 жол таңдамайтын автокөлік және рациямен жарақтандырылған браконьерлік база табылды. Бұл іс те сотқа жолданды.

АТЫРАУЛЫҚ ӘКЕ МЕН БАЛА ҚАРАҚШЫҒА ҚАРСЫ ТҰРДЫ

Атырауда қарулы қарақшы ұсталды. Оқиға «Дина» базары қоймаларының бірінде болған. 34 жастағы бетперде таққан белгісіз ер адам көлікке отырғандардан ақша талап етіп, қорқытпақ болған. Алайда арам ойы іске асқан жоқ. Әкесі мен баласы тапаншамен шабуыл жасаған қарақшыға қарсы тұрды. Олар полиция қызметкерлері келгенге дейін күдіктіні ұстап тұрған. Сәтсіз тонау бейнебақылау камерасының сәтті кадрына айналды. Аталған жайт бойынша тергеу жүргізілуде.

ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘРІЗ ҚҰДЫҒЫНА ҚҰЛАҒАН СИЫР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Қызылорда қаласында 260 келі тартатын қара мал кәріз құдығына құлаған. Мал иесі төтенше жағдайлар департаменті мамандарының көмегіне жүгінді. Арнайы жасақтан 5 құтқарушы көмекке келіп, 2 техника күші жұмылдырылған. Сиырды сыртқа шығарып, қауіпсіз аймаққа көтеру үшін 1 сағат уақыт жұмсалды. Айдың басынан бері дәл осындай жағдай екінші рет қайталанып отыр.