425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

СҚО-да «КамАЗ» көлігі 12 жасар қызды басып кетті

  • 133
  • UPD: 16:18, 14.09.2021
СҚО-да «КамАЗ» көлігі 12 жасар қызды басып кетті kolesa.kz

Солтүстік Қазақстан облысында «КамАЗ» жүргізушісі велосипедшілермен соқтығысып, салдарынан 12 жасар қыз мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Оқырмандардың айтуынша, қаза тапқан велосипедші спорт мектебі жаттықтырушысының қызы болған. Жол-көлік оқиғасы жайында кейін СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

«14 қыркүйек күні сағат 10:00 шамасында Қызылжар ауданы аумағында, Петропавл-Жезқазған автожолының 953 шақырымында жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан велосипед мінген 12 жастағы қыз жүк көлігінің астына түсті. Апат орнына Қызылжар аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы барды. Анықталғаны, «КамАЗ» көлігінің 31 жастағы жүргізушісі велосипедшілермен бір бағытта Петропавлға бара жатқан. Спорт мектебінің тәрбиеленушілері әуежай жақтан шыққан екен. Оларға ілескен «Газель» көлігі болған», – делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан қыз бала сол жерде қаза тапты. Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша енгізілді.

Қылмыстық іс аясында барлық тиісті сараптамалар жасалып, апат себебі анықталатын болады.

Хабар 24 телеарнасы