Түркістан облысында жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 541 жағдайы тіркелді

«Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Түркістан облысы бойынша 665 кәмелетке толмаған балалар полиция бөлімшелеріне жеткізілді.

Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында болған 660 құқық бұзушылықты анықтаған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 541 жағдайы тіркелді. Ювеналды полицейлер балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған 19 жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың 7 фактісі және алкоголь өнімдерін сатудың 5 жағдайы тіркелді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған 69 ата-ана есепке қойылды. Бұл ата-аналар енді полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Қоғамдық орында мас халде жүрген 8 кәмелетке толмағандар да белгілі болды. Құқық бұзушылыққа бейім 3 бала профилактикалық есепке алынды.

Ұлықбек Мылтықов, Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Осы Түркістан облысының ата-аналарына айтатыным, біріншіден, қараусыз жүрген бала қылмыс және құқық бұзушылық жасайды. Сол себептен өз балаларыңызды қараусыз қалдырмай түнгі мезгілде заңды өкілсіз далаға шығармау және де сабақтар кезінде сабақта бар ма, жоқ па оны тексеріп қатаң бақылауға алсаңыз мынау сіздің балаларыңыз заң бұзушылыққа бармайды деп ойлаймын.

ШҚО-да орман өртенді

Өткен тәулікте Қатон-Қарағай ауданындағы Шыңғыстай орманшылығы отқа оранды. Шамамен 3,5 гектар орман алғабында құрғақ шөп жанған. Тілсіз жаумен күреске төтенше жағдайлар қызметінен 74 адам, 11 техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына найзағай себеп болған. Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар қызметі халықты жауын-шасынсыз құрғақ ауа райы кезінде өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар желді күндері құрғақ шөптерді өртемеуге кеңес береді.

Павлодар облысында түтінге тұншыққан ер адам құтқарылды

Екібастұздың №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл түрде кезекші бригада аттанады. Құтқарушылар қою қара түтінге қарамастан өртеніп жатқан үйдің есігін бұзып кіреді. Жатын бөлмеде ес–түзсіз жатқан 1957 жылы туған ер адамды қауіпсіз жерге шығарады. Абырой болғанда, өрт тез арада сөндірілді. Адам шығыны жоқ. Тілсіз жау бар болғаны 0,7 шаршы метр жерді қамтыған.

ШҚО-да қонақүйден өрт шықты

Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауылында кафе мен қонақүйден өрт шыққан. Екі қабатты ғимарат шатырынының ағаш конструкциялары, қонақ үй бөлмелеріндегі жиһаздар жанып кетті. Қызыл жалын жеке тұрған шаруашылық блокқа да өткен. Өрт жалпы аумағы 300 шаршы метр жерді қамтыған. Тілсіз жаумен күреске жеке құрамнан 8 адам, 2 автоцистерна жұмылдырылды. Ақжар ауылынан қосымша өрт сөндіру күштері мен құралдары көмекке келді. Оқыс оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Келтірілген шығын анықталуда.