Оралдың қақ ортасында оқ атқан азаматтар ұсталды

Оралда қаланың қақ ортасында бір топ азамат төбелес шығарды. Тіпті біреуі оқ атып, жұртты шошытты. Елірген топтың алды 40-тан асқандар. Ал Өскеменде ұсталған күдіктіден бір жарым келі есірткі табылды. 

Оралда дәмханадан шыққан бір топ азамат көше ортасында төбелес шығарды. Тіпті жаға жыртысқандардың бірі оқ атып, қалғандарын тыныштандырмақ болған. Астана ықшам аудананында жанжалдасқан топ полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Абырой болғанда, ешкім зардам шекпеген. Барлығы 25-42 жас аралығындағы азаматтар. Төбелескендер бұзақылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылуда. Ал аңшы мылтығынан оқ атқан азаматқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ЖАРҒА ЖЫҚТЫ

Қарағанды облысының тұрғыны 7 бірдей заңсыз фирма ашып, мемлекетке 280 миллион теңге шығын келтірген. Қаржы мониторингі агенттігінің облыс бойынша аумақтық департаменті 7 компанияның атынан жалған шот-фактураларды шығару фактісі бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Күдікті 2018-2020 жылдар аралығында басқа тұлғамен қылмыстық сөз байласып, мүліктік пайда алу мақсатында 7 кәсіпорынды сатып алып, оларды өзге тұлғаларға тіркеген. Осы кәсіпорындардың атынан жалған мәліметтермен бухгалтерлік құжаттар рәсімделген. Күдікті қызметі үшін 3% сыйақы да алып отырған.

ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАҒАН АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Өскемендік тұрғыннан 1,6 килограмнан астам гашиш табылды.Осыған дейін полция қызметкерлеріне облыс орталығында 35 жастағы азаматтың есірті заттарын заңсыз өткізумен айналысатыны туралы ақпарат түскен. Тексеріс кезінде ақпарат расталды. Жеке тінту барысында өсімдік тектес ұнтақ зат салынған 25 дана полимерлік қап тәркіленді.Сараптамаға сай жалпы салмағы бір жарым келіден астам «гашиш» табылған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

БҚО-ДА БЕКІРЕ АУЛАҒАН БРОКОНЬЕРЛЕР ҰСТАЛДЫ

Батыс Қазақстанда Зачаганск кентінде жедел іс-шара барысында броконьерлікпен айналысқан Ақжайық ауданының 38 жастағы тұрғыны ұсталды.Оның көлігін тексеру кезінде салмағы 400 кг астам бекіре тұқымдас балық табылған. Бұдан бөлек оның үйінен де осы балық түрінің 300 кг астамы тәркіленді Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

ҚОРАҒА ҰРЫ ТҮСТІ

Үржар ауданында мал ұрлаған 53 жастағы азамат ұсталды. Бұрын істі болған ол біреудің ауласына жасырын кіріп, қорасындағы биесін қолды еткен. Сөйтіп 600 000 теңге шығын келтірген. Қазір күдікті қамауға алынды. Мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде».Енді ол 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.