Қызылорда облысында аудандық сот судьясы сотталды

Облысқа қарасты Шиелі аудандық сотының бұрынғы судьясы екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Сондай-ақ оның хатшысына 2 жылға жаза кесілді. Экс-судья Құрманбай нақты сот отырыстарын өткізбестен жалған мәліметтер енгізу арқылы 12 азаматтық іс бойынша шешім шығарған. Ал хатшы Қыдырәлиева қылмыстық әрекетті орындауға көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты бастапқы бекітілген жаза екі есеге қысқартылды. Хатшы Қыдырәлиеваның кәмелет жасына толмаған 4 баласын, соның ішінде емізулі баласы болғандықтан жазасын өтеу кейінге қалдырылды. Ал Құрманбай сот залында қамауға алынып, қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде жазасын өтейді. Екеуі де мемлекеттік қызмет саласында қызметке тағайындалу құқығынан өмір бойына айырылды.

Жұлдыз Жәкеева, № 2 қалалық сотының судьясы:

– Мемлекетке өндірілетін жалпы сома 1 млн 745 мың 720 теңге. Сот сараптамасы жүргізуден үлестік түрде өндіру жөнінде көрсетіліп отыр. Әрқайсысынан 772 мың 860 теңге және жәбірленушінің өтемақы қоры 50 мың 500 теңге өндіруге жатады деп көрсетіліп отыр.