Орталық Азияның бірыңғай электр желісінде апат болды

Орталық Азияның бірыңғай электр желісінде апат болды
Иллюстративті фото / 24.kz

Бүгін Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар қалада, Қырғызстан және Өзбекстанның бас қалаларында электр жарығы өшті.

Бұған үш елге қарасты бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі апат себеп болған.

КEGOC акционерлік қоғамы таратқан хабарламаға сәйкес, Орталық Азия энергиялық жүйесінде апаттық жағдай түскі сағат 12-де орнаған. Салдарынан «Шығыс Оңтүстік Қазақстан» транзиттік желісіне электр қуатының шамадан тыс салмағы түскен. Осы себепті Түркістан облысы, Шымкент, Тараз бен Алматыда жарық сөнді.

Өзбекстанның энергетика министрлігі таратқан хабарламаға сәйкес, сағат он бірдің шамасында Қазақстанда электр жарығы өшкендіктен Бішкек, Ош және Қырғызстанның өзге қалаларында электр қуатын таратуда ақау туындаған. Апатқа байланысты Ташкент пен Сырдария жылу электр станциялары жұмысын тоқтатты.