Ақтөбеде медуниверситеттің жатақханасы өртенді

Ақтөбеде медициналық университеттің жатақханасы өртенді. Жалын бүгін таңғы сағат 9-дар шамасында тұтанған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жүздеген студентті эвакуациялады. Дегенмен, өрт пен қою түтін бірнеше бөлмені шарпып үлгірген. 

Қою түтін ғимараттың үшінші қабатын сағат 9-дар шамасында тұмшалап алды. Жатақхананың кезектегі қарауылшысы дереу өрт сөндірушілерді шақырып, студенттерге ескерткен. Төтенше жағдайлар департаментінің алғашқы арнаулы көлігі санаулы минутта жетіп, жалынды сөндіруге кірісіп кетті.

Марғұлан Аманбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Өрт оқшауланып сөндірілді. Өртке қатысқан 11 техника мен 46 адам. Бұл жатақханада 285 адам тұратын болса оның 190-ы эвакуацияланып, 90-ы құтқарылды. Оларға арнап біз өзіміздің автобус техниканы әкеліп, жылыту пункттарын ұйымдастырып жатыр. Қазіргі кезде әр бөлмені қарап қандай шығын келгені анықталуда.

Бұл жатақханада негізінен шетелдік жастар тұрады. Дені Үндістаннан келген. Жалын шыққан сәтте 90-ға жуығы сабақта болса, қалғаны өрт шарпыған ғимарат ішінде болыпты. Өз бетімен сыртқа шыға алмағандарын құтқарушылар терезеден эвакуациялады.

Бабу Хан, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенті:

- Мен өрт шыққан сәтте ұйықтап жаттым. Комендант оятып жіберді. Жалын 3-қабатта басталған. Менің бөлмем екінші қабатта болғасын сыртқа өзіміз шықтық. Жоғарғы қабаттарда қалып қойған достарым болды. Оларды өрт сөндірушілер алып шықты. 

Студенттердің айтуынша, өрт асхана бөлмесінде тұтанған. Бірі тоңазытқыштың кесірінен десе, басқалары ұялы телефон сияқты электр құрылғыларының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін деп топшылап отыр. Нақты себебі тиісті тергеу жұмыстарынан кейін белгілі болады. Ал қытымыр аязда баспанасыз қалған білім алушылар медициналық университеттің өзге жатақханасына көшірілетін болды. 

Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков