Павлодарда кәріз құдығында тұрып жатқан ағайындылар құтқарылды

Павлодарда кәріз құдығында тұрып жатқан ағайындылар құтқарылды
Егемен Қазақстан

VITA Павлодар жасағының еріктілері ағайынды Яренколар туралы алғаш рет оларды тамақтандырған қала тұрғындарынан білген,  деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Олар желі арқылы еріктілерден кәріз құдығында тұратын құжаттары жоқ үйсіз жүрген ағайындыларға көмек көрсетуді сұрап, бірінің аяғы жарақаттанғанын, ал екіншісінің қолы  жансызданып қалғанын жазған.

– Екі күн бойы  ағайындарды таба  алмадық. Кейінірек олардың адамдардың қатыгездігінен қорқып,  құдық ашылған кезде сонда жасырынғанын білдік. Танысқаннан соң оларға тағы бірнеше күн тамақ, аяқ киім әкелдік, өйткені ағайындыларда екі адамға арналған бір ғана етік және термошұлық болды, – дейді еріктілер.

Бұдан кейін олар қалалық әлеуметтік қорғау бөліміне көмек сұрап жүгінген. Осыдан кейін қайта әлеуметтендіру орталығындағы қоғамдық белсенділермен байланысқа шығып, «әлеуметтік патруль» мобильді топ жіберілді.

Ағайындыларды құдықтан шығуға көмектесіп, алғашқы медициналық тексеруден өткізетін орталыққа жеткізілді. Еріктілер ер адамдар аяққа тұрып, жұмысқа тұрып, жәрдемақы алу үшін құжаттарын алғанға дейін орталықта тұра алады деп үміттенеді.

– Бізден бұрын ағайындарды тамақтандырған, олар жайлы бізге хабарлаған тұрғындарға рақмет, - дейді VITA жасағының іздеушілері.

Павлодарлық еріктілер қалалықтардан көмекке мұқтаж үйсіз адамдардың орналасқан жерін білген жағдайда немесе оларға азық-түлікпен көмектесуге ниет болса, WhatsАpp 8 747 615 55 63 нөміріне жазуды сұрайды.