Атырауда құрылысшылар тұрып жатқан вагондар өртенді

Атырауда құрылысшылар тұрып жатқан вагондар өртенді

Атырауда құрылысшылар тұрып жатқан екі вагон өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

28 қаңтарда түнгі сағат 23:37-де Атырау қаласының «Береке» шағын ауданындағы тұрғын үйдің жанында тұрған екі вагон-контейнер өртенген. Бір-біріне жапсарлас қойылған вагон-контейнерлерде құрылысшылар тұрған. Өрт электр пешінің қараусыз қалуынан тұтанған. Вагон-контейнерлерде газ баллондары болған.

«Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер вагон-контейнерлердің ішінен 55 литрлік екі газ баллонын алып шықты. Сөйтіп, газ жарылысының алдын алды. Жалын бүгін, 29 қарашада сағат 00:20-да оқшауландырылып, сағат 00:21-де толық сөндірілді» деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Өрт сөндіруге департаменттің 11 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ.