Атырауда жол апаты жиілеп кетті

Қаңтар айының өзінде жол-көлік оқиғасының салдарынан 14 адам көз жұмған, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұған ауа-райының қолайсыздығы ғана емес жүргізушілер де кінәлі. Жол ережесін сақтамай, желдей жүйткігендердің кесірінен қайғылы оқиға көбейіп барады. Жан түршігерлік соңғы жол-көлік оқиғасы осыдан 3 күн бұрын тіркелген. Доссор-Бейнеу тас жолының бойында Toyota Camry мен MAN жүк көлігі соқтығысты. Салдарынан жеңіл автокөліктегі 4 жолаушы оқиға орнында қайтыс болған. Оның екеуі – жасөспірім. Мұндай оқыс оқиғаларға жүргізушілер ауа-райын кінәлайды. Алайда темір тұлпар тізгіндегендер сақтық шараларын қатаң сақтауға міндетті. Қазір жол ережесін ескермейтіндер көп,– дейді қала тұрғандары.

– Жолда жүру ережесін біле ме, білмей ме, ол талапты сақтап жатқан ешкім жоқ. Айналып келгенде, көлік ағынының көптігі де, сол көлікті жүргізіп отырған адамның жол ережесін білетін-білмейтінін тексеріп жатқан тиісті органдардың жоқтығы да көлік оқиғаларының болуына соқтырып отыр.

– Көбі жаяу жүргіншілер кінәлі болады, кейбір жерде машина жүргізушілері қатты айдайды. Жол тәртібін сақтамайды. Белгілерге қарамайды.

– Жол ережесін сақтамағаннан, басқа неден? Көбіне балалар ғой жүгіріп шығатын жолға. Сосын жолдың тайғақтығынан. Жер тазаланбайды. Техника жоқ. Тазалап жатандар жоқ, көктайғақ.

Жыл басталғалы бері облыста 24 жол апаты болды. Салдарынан 14 адам көз жұмып, 27 адам жарақат алған. Тәртіп сақшыларының сөзінше, жүгенсіз кеткен жүргізушілер көп. Оған қоса көліктің көптігі де оқыс оқиғалардың жиілеуіне әкеліп соқтырып отыр.

Мырзалы Өтеғалиев, облыстық ПД ЖПҚ басқарма басшысының орынбасары:

– Қазіргі уақытта біздің республикалық маңызы бар жолдарда автокөліктердің тығыздығы артып отыр. Яғни біздің жолдарда тәулігіне 3000 автокөлік жүруге есептелсе, қазір кейбір жерлерде 6000-ға жетіп отыр. Жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қазір 30 қаңтар мен 5 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» шарасын өткізіп жатырмыз.

Өткен жылы 303 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 354 адам жарақат алып, 65 адам көз жұмды. Тәртіп сақшылары жүргізушілерден жол ережесін қатаң сақтауды сұрайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин