Батыс Қазақстанда екі бірдей лауазымды тұлға сотталды

Батыс Қазақстан облысында екі бірдей лауазымды тұлға сотталды. Оның бірі – қызметкерлердің картасына негізсіз қаржы аударған Бөрлі аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бухгалтері. Осы қылмысы үшін ол 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Дәл осындай айып тағылған аудандық Бөрлі құрылыс бөлімінің бас маманы да жазадан тыс қалмады. Жалпы, былтыр аймақта 16 миллиард теңгенің қаржылық заң бұзушылығы анықталған. Соның ішінде 203 млн теңге бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаумен байланысты. Облыстық ревизиялық комиссия мамандарының мәлімдеуінше күні бүгін 7,6 миллиард теңге қазынаға қайтарылды. Қаржылық заң бұзушылықтар ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпейді.

Ерлан Сәпиев, облыстық Ревизиялық комиссиясының аппарат басшысы:

– Ауылшаруашылығы саласында негізсіз төленген демеуқаржы көлемі 300 миллион теңгеге жеткен. Соның басым бөлігі күн панельдеріне қатысты болып тұр. Бізде орнатылған панельдердің техникалық сипаттамалары тиісті ережеге еш сәйкес келмейді. Қазір осы бойынша материал құқық қорғау органдарына жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды.