Ақмола облысында тілсіз жау үш адамның өмірін жалмады

Ақмола облысында тілсіз жау 3 адамның өмірін жалмады. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында да тұрғын үйден өрт шығып, ер адамды күйік шалды. Ел аумағында тіркелген осы және өзге де оқыс оқиғалар тізбегі келесі топтамада.

Ақмола облысының Купчановка ауылында тілсіз жау 3 адамның өмірін жалмады. 2-уі әйел. Соңғысы 28 жастағы жігіт. Тағы бір адам терезеден шығып үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, өрт жер үйде отбасылық мереке кезінде тұтанған. Жергілікті тұрғын ұлының кәмелетке толғанын атап өтпекші болыпты. Құтқарушылар 25 шақырым жерден жетем дегенше баспана толық жанып кетті.

Думан Далешов, ТЖД мемлекеттік-өрт бақылау басқармасының басшысы:

– Шақыру орнына жеке құрамның 11 адамы мен 3 өрт сөндіру техникасы жіберілді. Оқиға орнына келген кезде 81 шаршы метр аумақта тұрғын үйдің ашық жануы орын алды.

ТҰРҒЫН ҮЙ ӨРТЕНІП, 1 АДАМДЫ КҮЙІК ШАЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында үйдің шатыры тұтанып, кейін отқа оранды. Дереу жеткен құтқарушылар 35 жастағы баспана иесін қауіпсіз жерге шығарды. Денесін күйік шалған азамат қазір қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Аумағы 72 шаршы метр жерді шарпыған жалын өшірілді. Алдын-ала болжам бойынша тұрғын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған.

ЖЕҢІЛ КӨЛІК ЖАЯУ ЖҮРГІНШІНІ ҚАҒЫП КЕТТІ

«Алматы-Шымкент» бағытындағы жолда жеңіл көлік адам қақты. Қатты жылдамдықпен жүйткіген жапондық машина жаяу жүргінші жолағымен өткен кісіні бірнеше метр жерге ұшырып жіберді. Жан түршігерлік көрініс сол жолмен келе жатқан тағы бір көліктің бейнетіркегіш құралына жазылып қалған. Кадр сыртындағы әйел дауысы жол апатына түскен адамның бірден қайтыс болғанын айтады. 

ЖОЛ ҚИЫЛЫСЫНДА КӨЛІК АУДАРЫЛДЫ

Ақтауда көше қиылысында жол талғамайтын көлік аударылды. 13,14-шағын аудандар арасында «Toyota» және «Renault» маркалы машиналар соқтығысқан. Полицейлер жапондық көліктің негізгі жолмен келе жатқан «Duster»-дің алдын кесіп өткенін айтады. Соның салдарынан сол жақтан келген соққыдан «RAV4» төңкеріліп қалған. Зардап шеккендер жоқ. Жол ережесін бұзған жүргізушіге хаттама толтырылды.

ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕШІТКЕ ҰРЫ ТҮСТІ

Қызылорда қаласында мешітке ұры түсті. Түн жамыла 2 адамның садақа жәшіктерін ашуға тырысқаны бейнебақылау құралына түсіп қалған. Күдіктілердің арам ойы жүзеге аспады. Қашып үлгермей, полицейлердің қолына түсті. Енді олар заң алдында жауап береді. Жалпы, жыл басынан бері көшедегі камералардың көмегімен 23 қылмыс ашылған.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА МОНШАДАН ӨРТ ШЫҚТЫ

Ақмола облысының Қосшы қаласында моншадан өрт шықты. Ағаштан тұрғызылған нысан демалыс базасының аумағында тұр. Жалынды өшіруге 3 арнайы техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт шығу себептері мен шығын көлемі анықталып жатыр.