Шымкентте қарсыласына қару кезенген күдікті ұсталды

Шымкентте екі жігіт өзара кикілжіңді қарумен шешпекші болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол бойында бірнеше ер адамның ерегесіп тұрғаны көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кенет біреуі екіншісіне қол көтереді. Соңғысы жеңіл көліктің жүк салғышынан автоматқа ұқсас қару алып, алдындағы адамдарға кезейді. Абырой болғанда, шұғыл жеткен полиция бұзақыларды ұстады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

ҮЙІНДЕ ҚАРАСОРА ӨСІРГЕН    

Қостанай облысы Жітіқара ауданында өз үйінде қарасора еккен адам ұсталды.  Тіпті үйінде арнайы бөлме дайындаған. Ол жерден полицейлер өсімдік өскен 2 үлкен ыдысты тапты. Тәркіленген қарасораның жалпы салмағы 300 граммдай. 32 жастағы күдікті бұрын сотталған болып шықты. Осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

ДӘМХАНА ӨРТЕНДІ

Жаңаөзенде түрік тағамдары әзірленетін дәмханадан өрт шықты. Зардап шеккендер жоқ. Оқыс оқиға «Көктем» шағын ауданында тіркелді. Нысанның ішкі бөлігінің жануына ас пісіретін пештен шыққан ақаулық себеп болған. Салдарынан ғимараттың 30 шаршы метр аумағы бүлінді. Кәсіпкерге келген шығын көлемі анықталып жатыр.

ШАНАДАҒЫ АДАМДЫ КӨЛІКПЕН СҮЙРЕГЕН

Павлодарда шағын аудандардың бірінде жеңіл көліктің адамды сүйреткен сәті әлеуметтік желіге таралды. Ер адам «Мазда» маркалы машинаның артына арқанмен  үрлеме шананы жалғаған. Екіншісі шанаға отырып, көңіл көтермек болған көрінеді. Куәгерлердің шақыртуымен шұғыл жеткен полиция тәртіп бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырды.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗДЫ

Ақтаулық тұрғын қоғамдық көліктің жол ережесін өрескел бұзған сәтін ғаламторда жариялады. 35-шағын аудан жолында №3 бағытпен жүретін автобус бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Жүргізуші алдындағы жеңіл көліктердің қозғалуын күтпестен рөлді екінші жолаққа бұрған. Осы кезде жаяу жүргіншілердің болмағаны абырой болды. Кінәлі адамды полиция іздеп жатыр.