Алматыда қоғамдық көлікке пышақ алып кірген адам іздестіріліп жатыр

Қолында пышағы бар алматылық тұрғын автобустың ішінде белгісіз әйелді қуалаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша жұрттың зәресін алған. Заңсыз әрекет бейнетаспаға түсіп қалған, алайда кеше жария болды. Оқиға әлдеқашан болған сияқты. Қазір полицейлер іздестіру жұмыстарын бастап кеткен. Бір қызығы аталған факті бойынша ешкім шағымданбапты.

ЗАҢСЫЗ САҚТАЛҒАН ҚАРУ-ЖАРАҚ ТАБЫЛДЫ

Жамбыл облысында 5 күнде 10 дана заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді. Қазір өңірде қаңтар оқиғасынан кейін қару-жарақты іздестіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қарудың 4-уі Калашников автоматы болса, 2 Макаров тапаншасы тағы 3-уі аң аулауға арналған қару. Тағы 400-ге жуық әр түрлі калбрлі оқ тәркіленген. Қазір барлығына қатысты сот-сараптамасы жүргізіліп жатыр.

ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНАН ӨРТ ШЫҚТЫ

Теміртау қаласындағы «ҚарГРЭС-1» қызыл жалын құрсауында қалды. Екінші қабатпен жаспарлас тұрған қараусыз ғимараттың шатыры солайымен өртеніп кетті. Өртті сөндіруге 5 техника мен 25 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр.

ПИЯЗДЫҢ ІШІНЕ ЕСІРТКІ МЕН ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ЖАСЫРҒАН

Пиязға есірткі жасырып, түрмеге кіргізбек болған ақтөбелік қылмыстық жауапкершілікке тартылды. ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 тергеу изоляторына келген сәлемдемені қарау барысында мекеменің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері пияздың ішіне мұқият жасырылған екі ұялы телефон, бір sim-карта және салмағы 10,07 грамм болатын «гашиш» есірткі затын тәркілеген. Енді түрмеге сәлемдеме жеткізген азаматтың өзі де темір торға қамалуы мүмкін.