Ақбұлақтағы атыс бойынша сот отырысы өтті – Алматы

Игорь Дужнов өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Отбасымды баспанадан заңсыз айыру әрекетіне қарсылық көрсету үшін осындай қадамға бардым», – деді ол сотта. Бес адамды өлтірген Дужнов мылтық атуды әскер қатарында жүргенде меңгергенін айтты. Ол 2014 жылы Донбасқа қандай мақсатпен барғанын түсіндірді. Бүгінгі отырыста бейнебақылау камерасына түскен видеолар көрсетілді. Бірақ судья видеоны журналистердің жариялауына тыйым салды. Прокурор айыптау дәлелдерін жария етті. Оның бірі үйінде заңсыз қару сақтау. Былтыр 20 қыркүйекте 55 жастағы алматылық кәсіпкер Игорь Дужнов аңшылық мылтықпен 5 адамды атып өлтірген болатын. Күдіктінің қолынан сот орындаушысы, оның көмекшісі, екі полицей және тұрғын үйдің жаңа иесі қаза тапты. 

Әлішер Мырзаханов, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:

– Күдікті Игорь Дужнов ешқандай созылмалы, психикалық ауытқушылықпен ауырмайды. Оның өз іс-әрекетінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін білу мүмкіндігі болды. Психикалық жағдайына байланысты күдікті Игорь Дужновты сотқа тартуға болады. Күдікті қылмыс жасаған кезде уақытша психикалық бұзылыс жағдайында болмаған.