Қызылордада қорадағы шөп өртенді

Ауласын тазалап, қураған шөп пен қоқыс өртеймін деген қызылордалық үйінен айырылып қала жаздады.

Маздап жанған отты жел үрлеп, күш алып кеткен қызыл жалын ағаш бастырма мен үйдің асханасын қоса шарпыған. Дереу жеткен құтқарушылар өртті сөндіріп, баспананы аман алып қалды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ақтауда жол апатынан 5 адам жараланды

Ақтауда көше қиылысында екі көлік соқтығысып, 5 адам жарақат алды. Біреуі ауруханаға жеткізілді. Мән-жайды зерттеген полицейлер Ваз-21150 жүргізушісі солға бұрылу барысында Дэу Нексияға жол бермегенін анықтады. Кінәлі тұлғаға хаттама толтырылып, транспорттық құралдар айып алаңына қойылды.

ШҚО-да 4 өрт ошағы сөндірілді

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары 4 өрт ошағын сөндірді. Жарма ауданы Қалбатау ауылындағы жеке үй  шатырының ағаш жабындысы мен есіктері жанған. Сондай-ақ Өскемендегі жеке үйдің шатыры мен кіреберісі отқа оранды. Одан бөлек Семей маңындағы саяжайдың бірінде өрт дерегі тіркелді. Мұнда үй толығымен жанып кетті. Ал Күршім ауданында құрғақ шөп өртеніп кетті. Қызыл жалын жиналған жоңышқа мен ағаштарды да шарпыған. Қазіргі таңда өрт себептері анықталып жатыр.

Талдықорғанда көп қабатты үйдің маңында тұрған көлік отқа оранды

«Опель Фронтерадан» ұшқындаған жалын өзге 4 көлікті де шарпу қаупі туындады. Егер автомашина жарылса үйге де қауіп төнетін еді. Абырой болғанда, аталған мекен-жайға дереу жеткен құтқарушылар оған жол бермеді. Мамандар көліктегі өрт электр сымдарының тұйықталуынан тұтанған деген болжам айтып отыр. 

Қарағандыда жатақханадан өрт шықты  

Қарағандыда медициналық университеттің жатақханасынан өрт шықты. Жергілікті уақытпен түнгі 02:00 шамасында студенттер түгел сыртқа шығарылды. Төменгі қабаттан шыққан түтінді сейілтіп, жалынды өшірген құтқарушылар өрттің төсек жиынтығы жануынан басталғанын анықтады.