Алматыда ауруханаларға ұрлыққа түскен әйел ұсталды

Алматыда ауруханаларға ұрлыққа түскен әйел ұсталды

46 жастағы алматылық әйел ауруханаларға барып, қолына түскенін ұрлауды дағдыға айналдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолының сұғанағы бар келіншек палата мен дәрігер бөлмелеріне жасырын кіріп, әмиян, телефон тіпті құндыздан тігілген тон ұрлап кеткен. Тапқан олжасын сатып, еш шімірікпестен тіршілігіне пайдалануға үйренген күдікті қазір полицейлердің қолына түсті. Әзірге оның 7 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды.

КӨЛІК ӨРТЕНІП КЕТТІ

Қызылордада соңғы апта көлемінде көлік өрті жиіледі. Соңғы дерек Тасбөгет кентінде «Опель Вектра» машинасының салоны жанып кетті. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жалынды өшірген құтқарушылар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. 

КӨЛІК ҰРЛАУДЫ КӘСІП ҚЫЛҒАН

Қызылордада көлік ұрлауды кәсіп қылған тұрғын ұсталды. 26 жастағы азамат ымырт үйіріліп, қас қарайған сәтте кілттерін сайлап «жорыққа» шығатын болған. Қазірдің өзінде оның 3 дерекке қатысы бар екені анықталды. Айғақ зат ретінде күдіктіден ұрланған көліктер тәркіленді. Оңай олжаға құныққан жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

КӨЛІККЕ ЖАЛҒАН НӨМІР ОРНАТҚАН

Қызылордалық полицейлер қала көшелерінде жалған мемлекеттік нөмірмен жүйткіген жүргізушіні қолға түсірді. 31 жастағы азамат «Тайота» маркалы автокөлігіне түрлі сериялы таңба жапсырып жүрген. Тәртіп сақшылары шетелдік машинаны айып тұрағына қойды. Ал автомобиль иесі әкімшілік жазаға тартылады.

ШҚО-да 5 ЖЕРДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары бір күнде 5 өрт ошағын сөндірді. Өскеменде жеке тұрғын үй отқа оранды. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қызыл жалын арасынан 4 газ баллонын алып шығып, өрекпіген алауды өшірді. Тілсіз жау Шемонаиха ауданы мен Семей маңындағы байланысшылар елді мекені тұрғындарын да әбігерге салды. Мұндай дерек Аягөз ауданында да тіркелді. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан Бесқарағай ауданында 48 гектар алқапты өрт жалмады. 70 тонна жиналған шөп пен шаруашылыққа тиесілі қора-жайдың күлі көкке ұшты.