Петропавлда айыппұл тұрағындағы көліктер өртенді

Қураған қамыс өртеніп, айыппұл тұрағындағы көліктерге де от тиген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп бақандай бес автокөлік жанып кетті. Төтенше жағдайлар қызметіінң хабарлауынша, өрт түс ауа, яғни сағат 4 жарымның кезінде болған. Жедел 8 техника, 43 маман жұмылдырылған. Бірақ желдің екпінімен от тез таралып, 3 гектар аумақты шарпыды. Бұл күні  қалаға жақын Малое Белое ауылына да қауіп төнді. Мұнда далдағы өрттің аумағы 30 гектарға жеткен. Қазір төтенше жағдайлар қызметі күні-түн қызметте жүр. Тек соңғы тәуліктің өзінде өңірде 52 жерде өрт шыққан.

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Қатты желдің салдарынан өрт айыппұл тұрағына жайылып кетті. Сосын шетте тұрған көліктер өртене бастады. Абырой болғанда біздің қызметкерлер оттың жайылуына жол бермеді. Қазір бұл факті бойынша тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.