Алматыда 4 жасар бала шұңқырдағы суға батып көз жұмды

Алматыда 4 жасар бүлдіршін шұңқырға жиналған суға батып қайтыс болды. Қайғылы оқиға Қарасу шағын ауданында болған. Кәріз қалдығын жинайтын станция салу үшін қазылған жер дұрыс қоршалмапты. «Соның кесірінен ойнап жүрген бала опат болды» дейді тұрғындар.

Бұл видео 9 мамыр күні Қарасу ықшам ауданындағы қайғылы оқиға болған күні түсірілген. Шұңқырға түсіп кеткен бүлдіршінді көршілер судан алып шыққан. Бірақ ажалға араша бола алмапты.

Савердин Мырзамов, қала тұрғыны:

- Баланың анасы көріп қалып өзі көшеге жүгіріп шықты айқайлап, бізді шақырған соң жүгіріп келіп ана баланы көріп шығарып алдық. Бірақ шығарғанмен сәл үлгірмей қалыппыз сол баланы құтқаруға. Одан кейін тағы бір кісі тоқтап жұтып қойған суды шығаруға тырысты, бірақ болмады. 

Айнаш Салықбай, қала тұрғыны:

- Қазды, астынан су шыққаннан кейін жаппай тастап кеткен. Анандай лента тұрған ғой, ол лентаға қазір кім қарайды. Бала тұрмақ ересек балалардың өзі де барады ғой ана жерге. 

Бүлдіршіннің өмірін қиған лай суға толы ор бір ай бұрын қазылған. Қарасу ықшам ауданындағы кәріз жүйесін орталықтандыру үшін осы жерде арнайы станция құрылысы басталыпты. Жерасты суы кедергі келтірген соң жұмысты уақытша тоқтатып қойған.

Еркебұлан Іліпбаев, Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Бір мәселе біз қазір осы жерге сорғы станциясын саламыз ба, салмаймыз ба осыны анықтап алған соң, егер салмайтын болсақ осы жердегі шұңқырдың бәрін жауып, мұндай қайғылы оқиға қайталанбасына біз әрекет жасаймыз.

Басқарма өкілінің мәліметінше, мердігер мекеме бақилық болған баланың ата-анасына материалдық шығынды өтеп беретін болыпты. Бірақ мұнымен қазаның орны толмасы анық. Полиция осы жағдай бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізуде. Бүлдіршіннің жақындары телефон арқылы сұхбат беріп, қайғылы оқиғаның қас-қағым сәтте болғанын айтты. 

Әсел Ошақбаева, марқұмның әпкесі:

- Басқа да балапандар осындай жаман жағдайға ұрынбасын деп, неге ешқандай қазған орынды дұрыстап жаппайды. Қаншама бала жүгіріп жүр, ешқандай жауапкершілік жоқ құрылыс компанияларында. Ашық-шашық тастап кеткеннен кейін міне осындай жағдайға ұрынып отырмыз біз. Өте қиын бізге.

Қарасуда ауыз су мен кәріз жүйесі жылдар бойы шешім таппай келеді. Тозығы жеткен су сору станциясы соңғы жылдары жиі бұзылып, тіршілік нәрі бірнеше күн болмай қалады екен. Көп жылдан бері жергілікті биліктің назарынан тыс қалған шағын ауданның жолы да сын көтермейді. Инженерлік желі тарту үшін қазылған соң тіпті ойдым-ойдым болып кеткен. 

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев