Жамбыл облысында кәсіпкерді алдаған күдікті ұсталды

Шу қаласында жалған түбіртек арқылы ірі көлемде сауда жасауды әдет қылған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бірнеше ай бойы дүкен иесімен байланыс орнатып, тауар сатып алған. Алғашқыда кәсіпкер алданып жүргенін мүлде байқамапты. Тек қызына ақша аударуға қатысты хабарласқанда, шотында қаражат жоғын кездейсоқ білген. Оның шағымынан кейін полицейлер 26 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті кінәсін толық мойындаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

КҮДІКТІЛЕР ҚАМАЛДЫ

Қызылордада 79 жастағы қарияның екі бас жылқысын ұрлағандар құрықталды Олар Қамбар ата тұқымын қорада байлаулы тұрған жерінен алып кеткен. Салдарынан мал иесіне келтірілген шығын көлемі бір жарым миллион теңгені құрады. Тәртіп сақшыларының тергеп-тексеруі барысында күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталған. Қазір екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.  

АУ ҰСТАҒАН ҰРЫЛАР  

Павлодар облысының Ақсу қаласында заңсыз балық аулағандар ұсталды. Полицейлер олар мінген көлік тіркемесін тексеру барысында резеңкелі қайық және торлар тапты. Ал ұстаған балықтары 20 қапқа салынған. Қолға түскен ер адамдар жауапқа тартылды. Бүгінде өңір бойынша балық аулауға тыйым салынған. Шара су жәндіктерінің уылдырық шашу кезеңінде заңсыз аулаушылардың жолын кесу мақсатында жүргізіліп жатыр.

ПОЛИЦИЯҒА ГРАНАТА ӘКЕЛДІ

Түркістан облысында аудан тұрғыны полицияға өз еркімен төрт граната тапсырды. РГД-5 жарылғыш заты полицейлердің заңсыз сақтаудағы қару-жарақ, оқ-дәрі және өзге де атыс құралдарын сатып алу бойынша жүргізіп жатқан акциясы аясында қабылданған. Анықталғандай, ер адам гранаталарды балық аулауға барған кезде өзен бойындағы ағаштардың арасынан тауып алыпты. Алайда, бұған дейін қайда өткізерін білмеген. Жалпы 25 сәуірден бері өтіп жатқан акция барысында 112 азаматтан 167 атыс қаруы алынған.