Павлодар облысында екі адамды қағып кеткен жүргізуші ұсталды

Павлодар облысында екі адамды қағып кеткен жүргізуші ұсталды

Тәртіп сақшылары «Ұстау» жоспарын енгізіп, техника жөндеу орталықтарын, гараж массивтері мен ауылдарды тексерді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жол апаты 27 мамырда сағат 23.30-да Ертіс – Северное автожолының 27 шақырымында, Ертіс ауданы Иса Байзақов ауылының маңында болды.

– «Ваз-21213» маркалы автокөлігінің жүргізушісі автожол бойында Mercedes-Benz маркалы автокөлігінің жанында тұрған екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 62 жастағы жаяу жүргінші алған жарақаттарынан көз жұмды, ал 38 жастағы ер адам сынықпен ауруханаға жатқызылды, – деді департаментте.

Полиция қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізу барысында жүргізушіні анықтап, ұстады. Ол 36 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Ер адам қорқып қалған соң жол апаты орын алған жерден қашып кеткенін айтқан. 

Автокөлік айып тұрағына жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы  орнын тастап кету фактісі бойынша тексеру жүргізілуде.