Павлодар облысында 7 адамның өліміне себеп болған сұйықтық зертханаға жіберілді

Павлодар облысында 7 адамның өліміне себеп болған сұйықтық зертханаға жіберілді.

Павлодар облысында 7 адамның өліміне себеп болған жұмбақ сұйықтық арамшөптерді жоюға арналған препарат – болуы мүмкін. Бұл туралы әлі нақты сараптама қортындысы шыққан жоқ. Бірақ біздің тілшілеріміз келеңсіз оқиғаға байланысты Ертіс ауданына  арнайы барып, куәгерлермен жүздескен еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл адамдары егіс алқабында жұмыс істейтін жерлестерінің 10 литрлік канистрге құйылған техникалық спиртке ұқсас зат әкелгенін естіген. Алдымен, егіс басында химиялық затты жағып көрген. Сөйтіп лапылдап жанған сұйықтықты спирт деп ойласа керек. Ал уланып қайтыс болғандар, дәл осы сұйықтықты бірнеше күн бойы ішкен. Алдымен бір отбасының екі мүшесі және көршісі өз үйлерінде жатып көз жұмған. Кейін төрт адам ауруханаға жеткізіледі. Олардың біреуі қабылдау бөлмесінде, екеуі  жансақтау бөлімшесінде жан тапсырыпты. Тағы біреуі Павлодардағы №3 аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген болатын. Оның да беті бері қарамаған. Дәрігерлер  барлығында  бірдей симптом байқалғанын айтады. 

Гүзел Қабылбекова, Ертіс аудандық ауруханасының бас дәрігерінің м.а

Олардың жағдайлары өте ауыр болды. Барлық медициналық көмектер көрсетілгеніне қарамастан өмірлерін аман алып қала алмадық.  Облыс орталығынан екі  санавиация бригадасы келді.  Жағдайы тәуір көрінген  біреуін қалалық №3 ауруханаға жеткіздік. Бәрінің көздері көрмей қалған. Аяқтары жансызданып, іштерінің  ауырғанына шағымданды.

Жасқайрат Қайыров, облыстық Полиция департаменті басшысының  бірінші орынбасары:

Мәйіттер бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сұйықтың шыққан жері белгісіз. Ертіс ауданының тұрғындарынан полиция алып қойған ыдыста сақталғаны анықталды. Белгісіз сұйықтың қалдықтары бойынша сараптама тағайындалды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 306 бабы, 3-бөлігі бойынша қызметтік тергеу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.