Өскеменде Ұлттық ұлан сержанты мен мұғалім ер адамды ажалдан арашалап қалды

Өскеменде Ұлттық ұлан сержанты мен мұғалім ер адамды ажалдан арашалап қалды

Өскемендегі Высоковольтная көшесіндегі үйлердің бірінен өрт шығып, жалын лезде үйдің ішін шарпыған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәліметінше, өртті көрші жерде тұратын сержант Ризабек Қанапиянов байқап қалады.

«Ол еш ойланбастан оқиға орнына жетіп, өзінің туысы Манарбек Ауғанбаевпен бірге дереу тілсіз жаудың бетін қайтаруға кіріседі. Кенет үй ішінен көмек сұрап айқайлаған дауысты естіген Ризабек жалын шарпыған үйге қойып кетіп, диваннан тұруға шамасы жетпей жатқан жасы 65 шамасындағы ер адамды көреді. Олар есікке қарай беттегенде Манарбек көмекке келіп, ер азаматты сыртқа аман-есен алып шыққан», – делінген мәліметте.

Өрттен уланған үй иесі дереу ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндірушілер жалынды толығымен сөндіріп үлгерді.

Ризабек Қанапиянов – Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің сержанты, ал Манарбек Ауғанбаев №46 қалалық мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі.