БҚО-да жол апатынан мотоциклші көз жұмды

Орал қаласында «Лада Калина» көлігі мен мотоцикл соқтығысып, салдарынан 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Самара-Шымкент автожолындағы Теректі ауданы бағытында болған. 34 жастағы мотоциклші сол жерде тіл тартпастан қайтыс болды. Ал, жеңіл көліктің жүргізушісі түрлі дене жарақаты және сүйек сынығымен ауруханаға жеткізілген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ШҚО-ДА ЕСІРТКІНІ ЖАҢҒАҚҚА ЖАСЫРҒАН

Шығыс Қазақстанда колониядағы жазасын өтеушіге жіберілген жаңғақтың ішінен есірткі табылды. ОВ 156/20 мекемесі қызметкерлерінің хабарлауынша, алматылық жөнелтуші түзету мекемесіне 4 келі жаңғақпен бірге «Тайд» ұнтағының қаптамасына 2 ұялы телефон мен иісі бар сұйықтық құйылған  пакетті салып жіберген. Заттар сараптамаға жіберілді. Аталған дерек бойынша әкімшілік жаза тағайындалмақ.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА АҚША БОПСАЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Ақтөбелік екі тұрғыннан  1,7 млн теңгені бопсалаған күдіктілер ұсталды. Полиция департаментінің мәліметінше, арызданған 2 адам белгісіз біреулердің қорқытып, қаражаттарын қолды қылғанын және тағы да 1 жарым млн.теңге талап еткенін айтқан. Жедел іздестіру барысында 29-30 жастағы екі күдікті ұсталып, олардан ақша табылған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ДӘМХАНА ӨРТЕНДІ

Қызылорда облысында Тасбөгет кенті Есенов көшесінде орналасқан 2 қабатты отбасылық дәмхана өртенді. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. 1-қабаттағы дүкенді қызыл жалын шарпып, кейбір техника жанып кеткен. Өртті сөндіруге 15 адам мен 3 техника жұмылдырылған. 

СҚО-да ЗАҢСЫЗ ҚАРУ САҚТАҒАН

Аңшылық мылтығын заңсыз сақтағаны үшін 44 жастағы  петропавл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Есіл ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері Черуновка ауылында Great Wall автокөлігін тоқтатқан. Тінту барысында салоннан екі аңшы  қаруын тапқан. Бірі тіркелмегені анықталды. Қару сараптамаға жіберілген.