Катонқарағайда қар көшкінінде қалып қойған альпинистің жағдайы ауыр

Катонқарағайда Мұзтауға шығып, қар көшкіні астында қалып қойған 44 жастағы альпинистің жағдайы ауыр. Нейрохирургияның жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық Мамандандырылған медициналық орталығының дәрігерлері хабарлады. Оқиғаның барысын кеше айтқан едік. Альпинистер тауда туристерге арналған жолды нығайтуға шыққан екен. Көшкін екі азаматтың өмірін қиды. Ал жансақтау бөлімінде жатқан  альпинистің жағдайы жөнінде қандай да бір болжам айту қиын,- дейді дәрігерлер. Ал құтқарушылар таулы аймақта сел мен лай және қар көшкіні қаупі аса жоғары екенін ескертеді.

Сергей Эбель, облыстық Мамандандырылған медициналық орталықтың нейрохирургия бөлімі меңгерушісі:

- 1978  жылы туған азамат бізге апат медицина орталығы желісі арқылы жеткізілді. Келе сала барлық кешенді тексерулерден өткіздік..Бас ми жарақаты бар. Әзірге ешқандай операция жасалған жоқ. Жағдайы ауыр. Сондықтан нақты бір болжам айту әлі ертерек.

Арман Тоқанов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Ол жақта сел жүру қауіпі мол. Сонымен қатар қар көшкіні қатері де жоғары. Өйткені қазір ауа температурасы жоғарлап, қар қатты ылғалданып, борпылдап тұр. Сондықтан өте сақ болған жөн.