Шалқар көлінде жоғалған бала әлі іздестіріліп жатыр – БҚО

Шалқар көлінде жоғалған 8 жасар бала да әлі табылған жоқ. Бүгін таңертең баланы іздеуге тікұшақ та тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге сала кетейік, 22 маусым күні көлде үрмелі матраспен жүзіп жүрген бала желмен ығып кеткен. Соңынан іздеуге шыққан 65 жастағы атасы түнгі 11-де аман-есен табылды. Көл түбіндегі тереңдігі 10 метрге дейін баратын шұңқырлар іздеу жұмысын қиындатып отыр,- дейді құтқарушылар.

Сонымен қатар екі тәулік бұрын жоғалған 48 жастағы азамат іздестіріліп жатыр. Есте сақтау қабілетінен айырылған Жарсуат ауылының тұрғыны үйінен шығып кеткеннен қайтып оралмапты. Мамандардың айтуынша, Жайық өзеніндегі іздеу жұмыстарына балықшылар құрған аулар да кедергі келтіреді екен.     

Рүстем Баймұханов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Іздестіру жұмыстарына департаменттің құтқарушылары және еріктілер, Сарыөмір ауылының тұрғындары, балықшылар, аңшылар бәрі тартылуда. Кеше аттарды беріп, мотоциклдерді беріп, біздің құтқарушылар көлді аралап шықты. Әзірге бала табылған жоқ.