Бас прокуратура: Қаңтар оқиғасына қатысты 445 адам сотталды

Қаңтар оқиғасына қатысты 16 адам бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы ауыр қылмыс жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді. Прокурордың мәліметі бойынша, барлығы 445 адам сотталды. 514 күдікті қамауда. Жаппай тәртіпсіздік бойынша 58 және терроризмге қатысты 8 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:

- Бүгінгі таңда таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 516 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 14 адам күзетпен ұсталуда. 567 күдіктіге қатысты 346 іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздік уақытында жасаған ұрлық (424 адам), қаруды заңсыз сақтау (45), қаруды ұрлау (38), көлік құралдарын айдап кету (10), тонау (9) және бұзақылық (6) үшін жауапкершілікке тартылуда.

ТАҒЫ 50-ДЕН АСТАМ ЗАҢСЫЗ ҚАРУ ТӘРКІЛЕНДІ

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 2 аптаның ішінде полицейлер 50-ден астам заңсыз қаруды тәркілеген. 120-дан астам қаруды құпия сақтаған орын анықталды. Сондай-ақ, жекелеген азаматтар мен бизнесмендерден ұрланған мүлікті іздеу жалғасып жатыр.