Алматыда тоққа түскен бала өздігінен жүре бастады

Алматыда ойнап жүріп, тоққа түсіп қалған 8 жастағы баланың денсаулығы қалыпқа келе бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жеткіншек қалалық балаларға шұғыл жәрдем көрсету орталығында ем қабылдап жатыр. Оқиға екі күн бұрын Алатау ауданында болған. Темір қақпадан өтпек болған бала тоққа түсіп қалған. Сол күні жансақтау бөліміне жатқызылды. Анасының айтуынша, қолы күйіп, буындары тырысып қалған. Қазір өзі жүре бастапты. Оқыс оқиғадан кейін «Птицевод» саяжай серіктестігінің тұрғындары балаларын ол маңға жіберуден қорқады. Ал Алатау аудандық әкімдігінің мамандары: «Бұл жердің қауіпсіздігі тексеріліп, балаларға ойын алаңын салуды қарастырамыз», – деп мәлімдеді.  

Әлия Әбдікәрімова, зардап шеккен баланың анасы:

Шыны керек мен ойлаған жоқпын. Осы жылдары осы бірінші оқиға шығар. Сол болған түні найзағай жарқ-жұр етіп, темірлерге тоқ түскен кезде мен жұмыстан қайтып бара жатқан кезде бірдеңке жарқылдап тұрған. Бұл жақта тұрып жатқанымызға 4-5 жыл болды. Міне, көріп отырсыздар балалардың ойнайтын жері жоқ. Шығатындары осы темір. Ойнайтындары осы жер.

Алуа Жексенова, балалар шұғыл жәрдем көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Бала күйік бөлімшесіне жатқызылып, бүгінгі күнге дейін сол күйік бөлімшесінде ем алып жатыр. Бүгінгі таңда жағдайы орташа ауырлықта. Емін протокол бойынша алып жатыр. Жағдайы тұрақты.