Атырауда перзентхананың шатыры ұшып кетті

Атырауда кеше кешкі сағат 8 шамасында қатты жел тұрып, перзентхананың шатыры ұшып кетті. Перинаталдық орталықтағы «Б» корпусының 500 шаршы метр болатын жабындысы  ұшып, екі қызметкердің көлігін басып қалған. Бірақ жарақат алғандар жоқ. Қазір оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, биыл перинаталдық орталықты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған екен.

Айша Кенжемұратова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:

- Атырау облыстық перинаталдық орталық биыл күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттары дайын. Конкурс ұйымдастырылды. Қазір жеңімпаз анықталуда. Айта кетейік, ғимарат 1991 жылы салынған. 2004 жылы шатыры ауысты. 2012 жылы жөндеуден өтті. Күрделі жөндеу биыл жасалады.