Нұр-Сұлтанда өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасаған тонаушы ұсталды

Нұр-Сұлтанда өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасаған тонаушы ұсталды
Телеканал Доктор

Нұр-Сұлтанда өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасаған тонаушы ұсталды. Қаскүнем бір жұдырықпен 18 жастағы жігіттің 4 тісін бірден қағып түсірген, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияға қала тұрғыны көшеде белгісіз біреу оған шабуыл жасап, ұялы телефонын тартып алғаны туралы арызданған. Анықталғандай, жас жігіт сағат 23.00 шамасында Есенберлин көшесімен келе жатып, ұялы телефонмен сөйлескен. Осы уақытта күдікті оған жақындап келіп, қоңырау шалуды өтінген. Жас жігіт оның өтінішінен бас тартқан. Жауап ретінде қаскүнем оның жақ тұсынан ұрып, құны 100 мың теңге тұратын телефонын алып, қашып кеткен. Полиция қызметкерлері ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған 34 жастағы күдіктіні ізін суытпай ұстады.

Қазіргі уақытта тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.