Қарағандыда жұрт қант үшін төбелесті

Оларды полиция қызметкерлері ажыратқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы дүкеннің бірінде болған оқиғада кезектегілер өнімнің теңдей берілмегені үшін шу шығарған.

Бақытжан Кұдияров, Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы:

- Дүкен басшылығының айтуынша, кейбіреулер белгіленген мөлшерден артық қант алған. Сондықтан басқалары шу шығарып, келіспеушілік туындады. Полиция қызметкерлері тұрғындармен түсінік жүргізді.

Бұл Ақтаудағы сауда орындарының біріндегі көрініс. Қантты саттыққа шығарған бойда  адамдар бір-бірін итермелеп, таласып жатыр. Қазір қаладағы дүкендердің көбінде шекер жоқ,дейді тұрғындар.

- Қант таба алмай жатырмыз шындығында,  магазиннен қант алуды қойдық, Асарстан 750 теңгеге алып тұрмыз, онда да арасында, қантты ұмыттық. Баға деген мүмкін емес, 750 секер алу масқарашылық.

- Варьенье жасайын деп едік, биыл дым да жасай алмадық, былтыр слива, абрикос, бәрі болды. Биыл мынау, неге мынандай, соған жауап берсе екен, басшылықтар, баға ұшынып тұр.

Қант осы жерде арзан сатып жатыр дейді. Біз де қосылып алдық.

Жауаптылар болса, қант тапшылығы барын жасырмайды. Алайда,тұрғындардың таласуы қисынсыз,дейді. Қазір аймақта 490 тонна қант қоры бар. Өңірге Тараз қаласынан әкелінуде.

Жанна Тоқбаева, облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысы:

- Қазір 240 тонна тұрақтандыру қорында сақталған. Оны қала мен аудандардағы кәсіпкерлік бөлімінің сұраныс хатына сай сатып жатырмыз.  Сұраныс әрине, осы айда жоғары. Қазір шектеумен беріп жатырмыз, енді белгілі мөлшерден жоғарылау беруді жоспарлап отырмыз. Ақтаудағы дүкендерге өткен аптада 60 тоннадай қант берілді. Қазіргі таңда тағы да 1 мың тонна Тараз зауытынан әкелінді. 400 келіден сауда орындары өздері алған. Бүгін де 5 сауда желісіне жіберілді.  Қант бағасының келісі 500 теңгеден аспауын бақылауда ұстап отырмыз.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Жергілікті әкімдік қаладағы ірі сауда орындарына қосымша 37 тонна қант жіберді. Ол дәл қазіргі сәтте адамдардың кезегін ұстамас үшін осылай сатылып жатыр. Әр адам қантты қолға 2 келі салып алады. Бағасы – 440 тг. Бұл әзірге уақытша шаралар дейді,жауаптылар.

Таяу күндері азық-түлік корпорациясынан 4 вагон қант келуі тиіс. Тағы 10 вагон қант алдыруға келіссөздер жүріп жатыр.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев