«Қазфосфатта» жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі

Тәулік бұрын Тараздың бір бөлігін жағымсыз иісі бар тұман басып, тұрғындар дүрлігісіп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың шетінде тұратын адамдар оның минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорыннан шыққанын көрген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы шағым көп түскенімен, ауруханаға қаралуға ешкім бармаған. Кейін белгілі болғанындай, зауыттан күкірт оксиді ауаға таралған.

Арман Қарағалиев, кәсіпорынның бас экологы:

- Күкірт оксидтері бөлінеді. Сол күкірт оксидтері мынау аспанға ұшып кеткен болатын. Бірақ енді мынау санитарлық аумақтарда, қаланың маңында өзінің мөлшерінен асып кеткен жағдай болған жоқ. Құбырларды да зерттедік. Ол тек қана өзіміздің лаборатрия емес, мынау экология департаментінің лабораториясымен қосылып жасалған болатын.

Күкірт оксидінің атмосфераға таралуы цехтағы моногидратты сорғының істен шығуынан болған. Сол себепті күкірт қышқылы цехының жұмысын 5 сағатқа тоқтатуға тура келді. Кәсіпорын жұмысшыларының айтуынша, ол сәуір айында күрделі жөндеуден өткен.

Арман Қарағалиев, кәсіпорынның бас экологы:

- Ол үлкен концентрация болу керек адам уланатын. Бірақ ондай концентрация болған жоқ. Одан бөлек біз айтып жатырмыз ғой. Абсорциялық насосымыздың 25-қабатты тазалау істен шығып жатыр. Мынау негізгі абсорциямыз 1-қабатты тазалау қай жерде 99 пайыз бізде ұсталынатын жеріміз ол істеп тұрды. Штаттық режимде істеп тұрды.

Данияр Сүлейменов, цех бастығы:

- Істен шыққан сорғының орнына басқасы қойылды. Бүлінген құрылғы техникалық тексерістен өтіп жатыр. Біздің цехымызда 109 адам жұмыс істейді. Жапа шеккен ешкім жоқ. Цех штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік шығын болған жоқ.

Экология департаментінің мамандары оқыс оқиға болған жерге барып, ауадан сынама алды.

Әрсен Латыпов, облыстық Экология департаментінің міндетін атқарушы:

- Ауадағы фтор сутегін, аммиак, күкіртсутегі мөлшерін тексердік. Тексеріс нәтижесі бойынша фтор сутегінің ауаға көп таралғаны анықталды. Санитарлық-қорғаныс аймағына кіретін Шайқорық ауылы да жіті тексеруден өтті. Зауыт күкірт қышқылы цехының жұмысын тоқтатқандықтан, ол жерден ештеме анықталмады. Қазір кәсіпорында жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін материал әзірленіп жатыр. Экологиялық заңнаманы бұзғаны дәлелденсе, әкімшілік айыппұл төлейді. Оған қоса зауыттың жұмысы ішінара тоқтатылуы мүмкін.

Жоспардан тыс тексеріс минералды тыңайтқыш шығаратын зауыттың барлық бөлімшелерін қамтиды. «Казфосфат» ЖШС директорын ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстап әкетті» деген ақпарат жалған. Кәсіпорын басшысы өз жұмыс орнында қызметін атқарып жатыр», - дейді зауыттағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев