Алакөл жағалауында жоғалған балалар табылды

Алакөл жағалауында жоғалған балалар табылды
Иллюстративті фото / 24.kz

Алакөл көлінің жағасында жоғалған бес жастағы балалар аман-есен табылды. Олар ата-анасынан бір шақырым жер алыстап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«16 шілде күні кешке қарай Алакөл көлінің жағалауын күнделікті патрульдеу барысында Алакөл өңірінің жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына 2017 жылы туған, Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылында ата-анасымен демалыста жүрген екі отбасының балалары жоғалғандығы жөнінде хабарлама түсті. Ұл мен қыз бала ата-анасының көз алдында ойнап отырып, жоқ болып кеткен. Іздеуге алты құтқарушы мен 3 жүзу құралы жұмылдырылды. Балалар ата-аналары орналасқан орыннан шамамен 1 шақырым қашықтықта, әртүрлі жерлерден аман-есен табылды. Медициналық көмек оларға қажет болмады» делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Балалардың ата-аналарымен судағы қауіпсіздік ережелері және су маңында кәмелетке толмаған балаларға үнемі назар аудару қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Облыстың ТЖД азаматтарды суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.