Жамбыл облысында 69 келі есірткі тәркіленді

Жамбылдық  тұрғыннан 69 келі есірткі тәркіленді. Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы жасақтың көмегімен Тасөткел ауылының маңында қарасора жинаумен айналысқан 52 жастағы күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол заңмен тыйым салынған өсімдік түрін кептіріп үлгерген. Тиісті сараптамадан соң күдікті өз кінәсін толық мойындады. Аталған дерекке қатысты, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ЖАЛҒАН ТІРКЕУ НӨМІРІ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында автокөлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Қолға түскен күдікті жол сақшыларына тіркеу белгісін тауып алғанын айтып ақталды. Алайда жауапкершіліктен жалтару мүмкін болмады. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын тексеріп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Бекзат Садыбеков,  облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

- Қазігі таңда аталған автокөлік Қазығұрт аудандық айып тұрағына жеткізіліп, жинақталған іс құжаттар Қазығұрт аудандық сотына жолданды.

АВТОКӨЛІК ПЕН ПОЙЫЗ СОҚТЫҒЫСТЫ   

Алматы облысында жеңіл көлік пен жүрдек пойыз соқтығысты. Салдарынан 40 жастағы жүргізуші оқиға орнында қаза тауып, үш адам ауыр жарақат алды. Қайғылы жағдай Еңбек-Құйған тас жолында орналасқан теміржол өткелінде болған. Әлеуметтік желіге тараған бейне үзіктен толық жанып кеткен автокөлікті көруге болады. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары басталды.

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ШАТЫРЫ ЖАНДЫ    

Шымкент қаласында жеке тұрғын үйдің бірінде өрт шықты. Жұлдыз шағын ауданында орналасқан үйдің шатыры түгел жанып, қосарлана соғылған гараж да жанып кетті. Қызыл жалын жалпы 186 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт бір сағат та толық сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрттің шығу себебін анықтап жатыр.

СҚО ТҰРҒЫНЫ  ТҮРМЕДЕГІ ТАНЫСЫНА ШОКОЛАД ІШІНЕ ТЕЛЕФОН ЖАСЫРЫП СӘЛЕМДЕМЕ ЖІБЕРМЕК БОЛҒАН

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны түрмедегі танысына шоколад ішіне телефон жасырып сәлемдеме жібермек болған. Телефон фольгадан тұратын қос қабатқа мұқият оралып, үстіне шоколад құйылған. Алайда оның қулығы қырағы қызметкерлердің назарынан тыс қалмады. Аталған жағдай қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 164/8 мекемесінде орын алған.