Ақтөбе облысында жыл басынан бері 20 адам суға кетті

Рустам Харченко шомылу маусымы басталғалы 2 қыз баланы ажалдан аман алып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екеуі де  ескертуді елемей қауіпті жерге жүзе жөнелген. Абырой болғанда құтқарушы дер кезінде әрекет етіп, судан шығарып алды. 

Рустам Харченко, құтқарушы:

- Дәл осы тұсы қауіпті. Өзеннің ағысы да қатты. Алғашқы бірнеше метр тайыз болғанымен аяқ астынан шұқыр тап болады. Судан алып шыққан екі адам да сол ойысқа кеткен.

Өкінішке қарай өткен демалыс күндері құтқарушылардың көзінен таса жерде 3 адам суға батып кетті. Облыс орталығына ауылдан қонаққа келген ағайынды екі қыз мерт болды. Туыстарымен жағажайға демалуға шыққан жеткіншектер жабдықталмаған орында шомылыпты. Құтқарушылар ересектердің көз жазып қалғандығын да айтып отыр.

Иса Байтұрсынов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

- Міне, осы жерде былай қарасаңыз жабдықталмаған жер. Тайыз, 15 метрдей жүреді. Мына жерден келеді. Аяқтан. Бірақ резко үш метр терең болып кетеді. То есть асты оның тегіс емес. Судың түбі.  Халық осы жерге келеді де резко түсіп кетеді. Жүзе алмай салдарынан сол жерге батып кетіп жатыр. 31 шілде күні үш адамның денесі шығарылды. Осыған байланысты ескертеміз. Жабдықталмаған жерге түсуге тиым салынады.

Құтқарушылар жүзу білмейтіндердің кез-келген жерге суға түспегені дұрыс дейді. Табаны зерттеліп, шектеу белгілері орнатылған жағажайда ғана шомылу керек.  Статистикалық деректер де қайғылы оқиғаның дені демалыс күндері және рұқсат етілмеген орындарда болатынын көрсетті.  Сондықтан тәртіп сақшылары патруль санын арттырып, елге ескерту айтуды жедел қолға алған. Ережені елемеген жандар жауапқа тартылады. 

Ардана Саймағамбетов,  облыстық ПД ЖПБ бастығы:

- Белгіленбеген жерлерге суға түсуге байланысты 30-дан астам азамат жауапқа тартылды.  Бұл жерде әкімшілік кодекспен көзделгені яғни ескерту бірінші жолға, содан кейін айыппұл түрінде. Және де  арақ ішкен, мас күйінде 40-тан астам азамат су айдындарының жағасында, жағалауларда әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тұрғындардың демалып, суға шомылатын тұсын бір көргеннен-ақ байқауға болады. Әдетте жағасында қоғасы мен қамысы жоқ орындарды іздесек қазір су бетіне көз салмастан белгілі. Жағалауда қоқыс тау болып үйіліп жатса, шомылушылар жиі келеді деген сөз. Жағаның жайы аян. Бірақ су табанын сүңгуірлер зерттемеген. Сондықтан қадам басқан сайын қатер тосуы мүмкін.

Мұндай орындар өзен-көлдердің бойында аз емес. Тек Електің анау тұрған Келешек тұсындағы көпірінен айналма жолдағы көпірге дейін ондаған орын анықталып отыр. Құтқарушылар барлығын бірдей бақылап жүре алмайды.  Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік ережесіне енжар қарамай, қауіптің алдын алған жөн.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков